Халқымыз ел тарихында небір қилы заманды бастан өткізді. кешегімізге қарап, бүгінімізге тәубе етейік. Шүкір, небары 20 жыл ішінде іргелі ел болып, есімізді жидық. Әлем жер шарының елеулі бір бөлігін алып жатқан үлкен елдің барын мойындады. Әр саладан үлгі бола да бастадық. Әлемге біз қазақпыз деп өзімізді таныта бастағанда, мазақ болмайық, Қазақ баласы! Соңғы уақытта елімізде жағымсыз көріністер бел ала бастады. Азаматтарымыздың бойында үрей туды. Жастарымыз ентелей бір ағымдарға еру көші басталды...
Белгілі ғалым, көрнекті қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың Егемен
Қазақстан газетінің 24 тамыз күнгі санында "Дін - ұстай алсаң қасиетің,
ұстай алмасаң қасіретің" тақырыбында ой-толғамы берілген. "Біз опық жесек, алауыздықтан опық жеген халықпыз. Мұны біз тарихтан
жақсы білеміз. Сондықтан да, ең алдымен, бізге керегі – ағайынның
ынтымақ-бірлігі. Онсыз тарих көшіне ілесе алмай қаламыз" деп бастаған ағамыз елдегі ынтымақ пен бірлікті сақтау, нығайту мәселесіне көп тоқталды. айналамызда торуылдап жүрген ағымдардың ықпалынан жастарымызды қорғау жайы сөз болды. "Қайда барсаң да уағыз айтатындардың өлім туралы зарлап жатқанын
көресің. Түбінде өлетінін әркім-ақ біледі ғой, соншама елге үрей
тудырудың керегі не? Сонда біз жас ұрпақты «сен өлесің» деп
тәрбиелеуіміз керек пе? Бақытты, мағыналы өмір сүр, еліңнің айтулы
азаматы бол, жақсы кісі бол деуіміз керек емес пе? Ес кіре бастағанынан
балаға «өлесің» деп отырсақ, оған өмірдің не керегі бар? Ақыры өледі
екенмін ғой деп ол бала ажалынан бұрын пәлеге ұшырауы мүмкін. Осы күндері әкелі-балалы екеуі отырып бір үйде, бір дастарқаннан дәм
татпайтындар да шығып жатқан көрінеді. Дін әке мен баланы өйтіп бөлмесе
керек еді. Көптеген отбасы діннен зар илеп, запыран құсып отыр.
Исламның жолы бұл емес еді ғой. Осының бәрін екшеп ақылға салмай
болмайды. Пайғамбарымыздың өзі де бір хадисінде: «Дінге шектен тыс
берілмеңдер» деген екен ғой. Қасиетті Пайғамбарымыздың ақылына ден
қояйық. Абай болайық, ағайын! «Дін – ғылымның анасы, Дін – ғылымның әкесі, Ғылым – діннің баласы,
Дін – ғылымның көкесі» дейді ақиық ақынымыз Мұқағали. Исламды біздің халық баяғыдан-ақ
бағалаған. Шынында, кейде саясаттың адастырғаны болмаса, Ислам дінін
жоғары бағалаған жұртпыз. Біз кеше түгел ислам дінін ұстаған заманды
көрдік. Бес уақыт намазын, 30 күн оразасын қаза қылмаған аталарымызды,
әкелерімізді, әжелерімізді білеміз. Дін бізге бір күнде келіп, бірден
дари қойған жоқ. Ислам қазақ шығарған дін емес. Ислам Отанды сүюге, туған халқын қадірлеуге, ата салтын әспеттеуге,
ата-анасын сыйлауға, ардақтауға үндейді. Осы жолдан айнуға болмайды.
Ислам – ең соңғы, таза дін. Өзге діннің бар қасиетін бойына сіңірген дін
екенін өмір дәлелдеді. Бұл дін – бірліктің діні. Осы бірліктің дінін
біз де әспеттеуіміз керек. Оны елдің бірлігіне жаратып, ала-құлалықтан
арылуымыз қажет. Ол үшін дінді терең түсінуге тиістіміз. Дін деген не?
Ғылым. Наным. Мәдениет. Оны халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан
дәстүрінен, білім-білігінен, ой-санасынан, мәдениетінен, ғылымынан
бөліп қарауға болмайды. Исламды насихаттап жүрген кейбір азаматтар осы
жағына мән берсе екен деймін. Өзгенің ықпалына емес, өзіміздің ұлттық
үлгімізге жүгінгеніміз жөн" деп ой толғайды. Бұл мақалада оқырманға қазақ халқына діннің келуі, ата-бабамыздың қабылдауы мен қадірлеуі, уағыз насихаттың мән-мағынасы, дін мен дәстүрдің арасы ажыратылып түсінікті қарапайым тілде көрсетілді.
Толық мақаланы төмендегі дерек көзінен оқи аласыз.
Дерек көзі: http://www.egemen.kz/311806.html |